Дүниежүзілік банктен берілетін несие қандай мақсатқа жұмсалады

743

Ауыл шаруашылығы министрлігі түсіндірді.

Дүниежүзілік банктен берілетін несие қандай мақсатқа жұмсалады

Дүниежүзілік банктің 500 млн доллары Қазақстанға кезең-кезеңімен және Мал шаруашылығын тұрақты дамыту жобасын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жеткізілгеннен кейін ғана беріледі, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

"Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әзірлеген 2021- 2025 жылдарға арналған мал шаруашылығының тұрақты даму жобасын іске асыруға 500 миллион доллар (459,8 миллион еуро) бөлінеді. ҚР Үкіметі атынан несие алушы – Қаржы министрлігі. Дүниежүзілік банк жобасының негізгі мақсаты – экологиялық таза сиыр етін өндіруді және қазақстандық ет экспортын қолдау. Сол арқылы Қазақстан экономикасының өсуіне ықпал ету және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту",– дейді ведомстводан.

Жоба аясында келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған:

- 20 мың фермерге несие беру;

- 100 мың фермерге білім беру;

- балама энергия көздерін қолдана отырып, мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға фермерлерге қаржылық қолдау;

- сиыр етін импорттайтын елдердің талаптарына сәйкес мал шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін құру;

- жеке және тәжірибелік ветеринарларды шағын және орта фермаларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ ветеринарлық іс-шараларға тарту.

Жоба жоғарыда аталған іс-шараларды тікелей қаржыландыруды көздемейді, несие қаражаты агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолдауға жұмсалмақ.

"Жобаны іске асыру кезінде Қазақстан үшін мүлде жаңа қаржы құралы - "Нәтижеге бағытталған бағдарлама" (Program-for-Results – PforR) бойынша несие қолданылады. Бұл механизм қаражат қарыз алушыға қаржы институтымен келісілген нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізілгенде ғана төленетінін қарастырады. Сондай-ақ, индикаторлар жетістігіне аударылатын қаражат лимиті мемлекет жұмсаған қаражат көлеміне емес, мал шаруашылығы саласын дамытуға арналған индикаторлар жетістігінің көрсеткішіне байланысты болады",– деп жазылған министрлік хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу