"Дұрыс жоспарламау салдары": Олжас Бектенов құрылысы ұзаққа созылған су құбырлары туралы

172

2025 жылдың соңына қарай халықтың 100%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілу тиіс.  

"Дұрыс жоспарламау салдары": Олжас Бектенов құрылысы ұзаққа созылған су құбырлары туралы

Премьер-министр Олжас Бектенов ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуді  тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы тиіс. Елді-мекендердің ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауылдардың шекараларына дейін тарту жоспарларымен үйлестіру керек", - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанын айтты.

"Кей жерлерде ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, қажетті су көзі жоқ. 
Мысалы, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында осындай жағдай қалыптасып отыр. Яғни, ауыл ішінде желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында. Сонымен қатар, жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Бұл ретте суды жіберген кезде олардың ішкі желілері қандай күйде болады деген орынды сұрақ туындайды. Болмаса жөндеу жүргізіп, қосымша шығыстар талап етіледі. Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары", - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Ақмола облысының әкіміне тиісті мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу