Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов Ресей-Тәжік университетінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы мемлекеттік биліктегі өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі халыққа үндеуі және "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауының мазмұнын түсіндіруге бағытталған ашық дәріс өткізді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, дәріске осы оқу орнының студенттері мен профессорлық оқытушылық құрамы қатысты. Тыңдаушылар жолдау мен үндеудің негізгі тұстарымен, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың, еліміздің қазіргі кезеңдегі дамуының басым бағыттары мен бағдарламалық құжаттарымен танысты.
Дәріс соңында студенттерге "ЭКСПО-2017" көрмесі жөнінде бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.
"Ашық дәріс" аясында, елші Ресей Тәжік университетінің ректоры Нурали Салиховпен кездесті. Оның барысында екі елдің білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара студенттермен алмасу мәселелері талқыланды.