Душанбеде Қазақстанның әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесі таныстырылды

276

Кездесуде кәсіпкер әйелдердің нарыққа шығуы мен шекарааралық сауда мәселелері талқыланды.  

Душанбеде Қазақстанның әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесі таныстырылды Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тәжікстанның Душанбе қаласында Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған өңірлік дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері қатысты.

Кездесуде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікті ілгерілету және кәсіпкерлік саласындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Қатысушылар әйел кәсіпкерлердің нарыққа шығуы, шекарааралық сауда, көші-қон, бизнесті дамыту және іскерлік байланыс орнату кезінде кездесетін мәселелерді қарастырды.

Жиында Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесі таныстырылды. Қазақстандық делегаттар әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамалар туралы айтты.

Дөңгелек үстел аясында тақырыптық интерактивті сессиялар мен шағын топтардағы жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар шекарааралық инновациялар жәрмеңкесі өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған ортақ бастамалар әзірленді.

Іс-шара БОМКА-11 бағдарламасының "Шекаралас қоғамдастықтармен байланыс" атты 3-компоненті аясында ұйымдастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу