Duty Free-де отандық тауарларға арналған сөрелер пайда болмақ

1076

Duty Free-де отандық тауарларға арналған сөрелер пайда болмақ

Таяуда "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" ЗТБ Ақтау қаласындағы Duty Free желісімен арада келісімге қол жеткізгені белгілі. Енді әуежайлардағы осы дүкендер желісінде "Халық маркасының" тауарларына арналған сөрелер пайда болмақ, деп жазады egemen.kz.

Осы орайда, жалпы, Duty Free дүкендер желісінің тұтынушылар үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді тұстарын айта кетпекпіз.

Біріншіден, кейбір танымал брендтер тек қана Duty Free дүкендерінде сатылады. Мәселен, "трэвел сет" аталып жүрген, жолаушылар үшін өте ыңғайлы, шағын көлемде шығарылатын косметикаларды айта кетуге болады. Кішкентай флакондардағы иіссу, бояуларды басқа дүкендерден таппауыңыз мүмкін.

Екіншіден, бұл дүкендерден алған тауарлардың қолдан жасалмағаны, сол брендтің өнімі екені ешқашан күмән тудырмайды. Сусын, косметика, ішімдік, шоколад сынды саяхатшылар үшін сұранысқа ие тауарлардың сапасы үшін қам жемеуге болады.

Үшіншіден, Duty Free желісінде ең көп сұранысқа ие тауарлардың бірі алкогольді ішімдіктер екені жасырын емес. Басқа дүкендерге қарағанда, бұл жердегі сусындардың бағасы екі есеге жуық арзан.

Duty Free желісіне кәсіпкерлердің құмартатын тұстары аз емес. Ең бастысы, онда кейбір акцизсіз, баж салығынсыз тауарлар сатылады. Тауар ел аумағынан шығарылатын болғандықтан, қосымша құн салығынан да босатылған. Сол үшін кейбір әлемдік деңгейдегі тауар өндірушілер кейбір өнім түрлерін арнайы Duty Free үшін шығаратыны да мәлім.

"Халық маркасы" бірлестігінің негізін қалап, отандық өндірісті дамытуға, төл өнімдерімізді танытуға үлес қосып жүрген жандардың бірі Римма Тәжібаеваның айтуынша, Duty Free дүкендер желісі арқылы сатылымға шығару отандық өнімдердің танымалдығына ықпал ететіні анық. Қазақстанда жасалған кондитерлік өнімдер, сусындар, кәдесыйлар және басқа да тауарлар енді осы дүкендерде сатыла бастайды.

"Біз өзімізде бар мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып, отандық брендтерді танымал етуге тырысамыз. Duty Free Ақтау желісімен келісімге келуіміз осы бағыттағы қадамдарымыздың бірі. Бұған дейін отандық тауарлар жоғарыда айтылған сауда нүктелерінде болмаған еді", — дейді.

Оның айтуынша, "Халық маркасының" өнімдері отандық әуежайлардың аумағында ғана емес, шет мемлекеттердің аумағында да сатылуға тиісті. Сол үшін алдағы уақытта қазақстандық өнімдер Duty Free сауда желісінің Еуропа елдеріндегі, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Түркия елдеріндегі нүктелерінде төл өнімдеріміздің сөрелері пайда болуға тиіс. Демек, Ақтау әуежайында бой көтерген отандық өнімдер сөресі жиырма елде ашылатын дүкен сөрелерінің алғашқысы десек қателеспейміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу