Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос кеше, бейсенбі күні Forbes Real Tome-нің миллиардерлер рейтингінде Microsoft негізін қалаған Билл Гейтсті басып озғаны белгілі болды, деп хабарлайды egemen.kz.
Акция құнының 1,6 пайызға жоғарылауы арқасында Amazon компаниясы негізін қалаушының байлығы бірден 1,4 млрд долларға артты. Ендігі оның жағдайы 90,5 миллиард долларды құрап отыр. Бұл Билл Гейтстен 500 миллионға көп.
Өткен жылдың тамыз айында әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti брендтерінің біріктіріп тұрған Inditex холдингінің басшысы Амансио Ортега Билл Гейтсті басып озған болатын. Ол кезде Ортеганың дәулеті 78 миллиард долларға, ал Гейтсті 77,9 миллиард долларға бағалаған. Алайда, осы жылдың наурызында Microsoft басшысы бұл тізімде қайтадан көш бастады.
Айта кетейік, Forbes 1987 жылдан бастап әлемдегі барлық миллиардерлердің жағдайын бақылаумен келеді. Ал Безос алғаш рет 1998 жылы жағдайы 1,6 миллиард долларға жеткенде рейтингіге қосылды.