Дженнифер Лопестің сахналық киімдерін қазақстандық дизайнерлер дайындаған болып шықты

211

Jibek Joly арнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасында қонақта болған отандық дизайнерлер Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне қалай дайындалғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Дженнифер Лопестің сахналық киімдерін қазақстандық дизайнерлер дайындаған болып шықты Фото: instagram.com/jlo

Белгілі болғандай, концертті ұйымдастырушылар қазақстандық мамандарға Джей Ло командасымен бірге жұмыс істеуді ұсынған.

"Бұл – үлкен мәртебе, сондықтан бірден келістік", – дейді дизайнер Зияда Бекбасова.

Оның айтуынша, отандық шеберлер тек бишілер мен вокалистердің емес, тіпті Лопестің өз костюмдерін де қайта қалыпқа келтірумен айналысқан.

"Жұлдыздың командасы кәсібилігімізге көз жеткізген соң, Джей Лоның киетін костюмдерін реставрациялауды сеніп тапсырды. Бас шеберіміз Асқар олардың тастарын қайта бекітіп, тігу міндетін өзі атқарды", – дейді студия қонақтары.

Костюмер Алтынай Ракишева жұлдыздың командасымен жұмыс істеу аса жоғары талап пен тәртіпті қажет ететінін айтты.

"Барлық киімде иесінің аты жазылған. Әр костюмнің өз орны белгіленген. Біз оларды секторларға бөліп, арнайы жүйе бойынша орналастырдық. Содан кейін бас костюмер жеке тексеріп шықты", – дейді ол.

Джей Лоның командасы қазақстандықтардың кәсіби шеберлігіне ризашылығын білдіріп, оларға концертті сахна артынан тамашалауға мүмкіндік берген.

"Бізге арнайы білезік беріліп, сахна артына жіберді. Мұндай құрметке бұрын-соңды өзге концерттерде ие болмаған едік", – дейді дизайнерлер.

Сондай-ақ, Лопестің командасы отандық мамандарға концерттік турға арналған мерч өнімдерін тігу туралы ұсыныс жасаған. Алайда шектеулі уақытқа байланысты бұл бастама жүзеге аспай қалған.

"Басты ұстанымымыз – сапа. Ал қысқа мерзімде сапалы өнім шығару мүмкін болмағандықтан, ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болдық", – дейді Зияда Бекбасова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу