АҚШ президенті қызметінен кетіп жатқан Джо Байден халқына қоштасу сөзін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
"Қазір Америкада шектен тыс байлық пен билікке ие олигархия қалыптасып жатыр. Бұл біздің барлық демократиямызға, негізгі құқықтарымыз бен бостандықтарымызға қауіп төндіреді", – деді президент.
17 минуттық сөзінде Дональд Трамптың немесе оның айналасындағылардың атын атамады. Алайда сарапшылар миллиардер Илон Масктың жаңа лауазымы арқылы Трамп әкімшілігіне үлкен әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.
82 жастағы Байден жасанды интеллекттің қауіп-қатер төндіруі мүмкін екенін ескертті. Бұдан басқа жалған ақпараттың таралуына және қоғамдық пікірді манипуляциялауға қатысты әрекеттерге де алаңдаушылық білдірді.
Дональд Трамп президент ретінде ант қабылдап, 20 қаңтар күні АҚШ-тың 47-ші президенті қызметіне ресми түрде кірісуі тиіс.