Дзюдодан ел үздіктері анықталды

1041

Аталған дода әйелдер құрамасы үшін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жарыс болды. Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев он ай үзілістен кейін татамиге шыққан бұрымды балуандардың күресіне баға берді.  

Дзюдодан ел үздіктері анықталды

"Қазақстан чемпионаты ойлағанымыздай, өте жоғары дәредеже өтті. Осы біріншілік барысында ұлттық құрама мүшелерімен қатар, жастарды да жіті қабылап отырдық. Жастар құрамасынан ересектерге өткен дзюдошылар да өздерінің дайын екенін көрсетіп, өте жақсы күресті.

Жарысты қорытындылайтын болсақ, 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек пен алматылық Ғалия Тынбаева жарыс лидері болды. Олар жасөспірімдер сапынан жүргеннен бірге күресіп жүрген. Енді әйелдер арасында да финалға дейін жетіп, тартысты белдесу өткізді. Осы салмақта Атырау облысының атынан шыққан Абиба Әбужақынова үшінші нөмерлі дзюдошы болатын. Ол Қазақстан чемпионатының қола жүлдесіне ие болып, құрамадағы өз орнын сақтап қалды. Әрине, 48 келіге дейінгі салмақта бізде Галбадрах Отгонцэцэг лидер болып қала береді. Ол жаңа маусымдағы жарыстарға наурыз айында қосылады. Ал оған дейін Ақмарал Науатбек пен Ғалия Тынбаеваға мүмкіндік беріліп, бірнеше ірі әлемдік додаға қатыстырылады. Атап айтқанда, Израильде өтетін "Grand Slam" жарысына қатыстыруды жоспарлап отырмыз", - дейді бас бапкер.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алматы облысының спортшысы Нұрсұлу Ералиева мен маңғыстаулық Анна Казюлина финалда белдесті. Дәл осы салмақта жас болса да Нұрсұлу көшбастап тұрған болатын. Ел біріншілігінде қарсылас шақ келітрмей, топ жарды. Финалдағы қарсыласы өте тәжірибелі, ұлттық құрама сапында әлемдік додаларға қатысып жүрген Анна Казюлина болды. Нұрсұлу өзінің жас екеніне қарамастан Аннаны жеңіп, ересектер арасынағы тұңғыш алтынын алды. Оқу-жаттығу жиынында да сырттай спортшыларды бақылағанда Нұрсұлу жаттығуына тиянақты, өзін аямай тынбай еңбек етеді. Ел чемпионатындағы жеңісін кездейсоқтық емес, еңбегінің жемісі деуге болады.

Қазіргі таңда 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанда Севара Нишанбаеваға тең келер ешкім жоқ. Шымкенттік дзюдошы биыл үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Жастар арасында да айтарлықтай ешкім ерекшеленіп көзге түспеді. Сондықтан, бұл салмақта Севара сөзсіз лидер болып қала бермек. 

63 келіде алматылық Иоланта Бердібекова топ жарды. Ол былтыр Орал қаласында өткен республикалық Спартакиаданың жеңімпазы. Биыл қатарынан екінші рет осы салмақта ел үздігі атанып отыр. Аталған салмақ бойынша қатарға жас қыздар да қосылды. Атап айтқанда, финалға шыққан Кристина Сотникова, Зарина Сарипова сынды жас дзюдошыларды ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақырып, бірнеше жарысқа қатыстырып көреміз деген ниет бар.

Шығыс Қазақстан облысының дзюдошысы Зере Бектасқызы әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта чемпиондық атаққа ие болды. Ол да былтыр Спартакиаданы ұтып, бірінші нөмерлі спортшы атанған болатын. Биыл да өз биігін ешкімге бермеді. Бұл салмақтане да қатарға жас қыздар қосылады деуге болады. Алматылық Даяна Талғат өте тәдемі әрі тартысты күрес көрсетті. Ол осы салмақта бұрыннан келе жатқан Алматы облысының спортшысы Мөлдір Нарынованы ұтып кетті. Даяна жаңа есім болғандықтан, енді әрі қарай онымен де жұмыс істейтін боламыз.

78 келіге дейінгі салмақта алматылық Зарина Райфова өзінің мықты екенін тағы бір рет дәлелдеп, лидерлік орнын берген жоқ. Шығыс Қазақстандық Назерке Тілеуханова да ойлағанымыздай, финалға дейін жетіп, өзінің күресін көрсетті.

Жасыратыны жоқ, дәл осы салмақта жастарды көріп, бақылайын дегенбіз. Атап айтқанда, қостанайлық Маргарита Гриценко мен алматылық Мадина Парагульгованың күресін көргіміз келген. Гриценко алғашқы айналымнан қарсыласына есе жіберіп, бұл жарысқа дайын емес екенін көрсетті. Ал Мадина Парагульговаемен жұмыс істеуге болады. Жасөспірімдерден жастар құрамасына енді ауысқан дзюдошы. Соған қарамастан мінезі бар, өте жақсы күресіп, бізге ұнады. Мадинаны енді өз қатарымызға қосатынымыз анық.

Әйелдер арасында аса ауыр салмақта Солтүстік Қазақстан облысының дзюдошысы Назгүл Маратова лидер болған еді. Сөйтіп, ол жарысқа екінші айналымнан қосылды.

Дәл осы салмақта тағы бір мықты қызымыз талдықорғандық Камила Берліқаш былтыр Спартаикаданың алдында ота жасатып, көптеген жарыстан тыс қалған еді. Биыл денсаулығын қалпына келтіріп, өз салмағында топ жарып, үздік атанды. Мықтылығын дәлелдеді. Болашақта да дәл осы аса ауыр салмақта жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймыз.

"Биыл Қазақстан біріншілігіне осал спортшы қатысқан жоқ., Жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар ішінде жас қыздар өте көп. Біз оларды келесі маусымға дайындап, бірге жұмыс істейтін боламыз", - деп, бас бапкер Ерлан Алпысбаев сөзін қорытындылады.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу