Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жақында әлем чемпионатына аттанады

1312

Әлем чемпионаты 25 тамыз күні басталады. Жарыстың алғашқы күнінде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев сынға түседі.   

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жақында әлем чемпионатына аттанады

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы Жапония астанасы Токиода өтетін әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Бірнеше күннен соң команда мүшелері Токио төріндегі жарысты бастайды, деп хабарлайды olympic.kz.

Қазақстан атынан алғаш болып Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев татамиге шықпақ.

"Жақында ғана Бурабайда жаттығу жиынын өткізген едік. Енді Алматы облысындағы АІВА академиясының базасында өте қарқынды дайындық жүргізудеміз. Осы жиыннан соң Токиоға ұшып кетеміз. Әлем чемпионаты 25 тамыз күні басталады. Жарыстың алғашқы күнінде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев сынға түседі. Әлем чемпионатының екінші күнінде Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжановқа үміт артамыз. Үшінші күні Жансай Смағұлов, төртінші күні Руслан Мұсаев пен Дидар Хамза, бесінші күні Айбек Серікбаев бақ сынайды. Содан соң, аралас командалық сын басталады. Жігіттер дайын, барлығы дұрыс бағытта", – дейді бапкер. 

Сондай-ақ, Айдын Смағұлов әлем чемпионатында қанша медальдан үмітті екенін де айтты. 

"Әрине, нақты ештеңе айта алмаймыз. Бәрін бір Алла біледі. Дегенмен де, бір алтын, бір қола медаль деген мақсат қойдық. Медаль саны бұдан да көп болуы мүмкін. Балуандардың барлығы да бабында", – дейді команда бас бапкері Айдын Смағұлов

Бапкердің айтуынша, дзюдодадан жеті салмақтың алтауында Олимпиада лицензиясы бар.

"Тек 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қажетті ұпай жиналған жоқ. Алда әлі ірі жарыстар бар. Жыл соңында үздік 16 спортшы қатысатын Masters турнирі өтеді. Одан бөлек, тағы да лицензиялық турнир бар. Бұйырса, Олимпиадада жеті салмақта күресеміз деп ойлаймын", – дейді Айдын Смағұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу