Дзюдодан Токио Олимпиадасына баратын спортшылар есімі аталды

1540

Токио Олимпиадасына ерлер құрамасынан жалпы саны бес дзюдошы қатысады.

Дзюдодан Токио Олимпиадасына баратын спортшылар есімі аталды

Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.

"Дзюдодан Токио Олимпиадасына баратын құрам бүгінде белгілі. Осыған дейін айтқанымыздай, Олимпиада ойындарына Олимпиадалық рейтингте жоғары орында тұрған спортшы барады. Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасының 7 спортшысы рейтингте тиісті ұпайды жинады. Алайда әр салмақтан бір спортшы ғана қатыса алатындықтан біз алдыңғы қатарда тұрған спортшыға мүмкіндік бергенді құп көрдік. Әлем чемпионатына дейін ұлттық құраманың бапкерлері ақылдасып, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаевты әлем біріншілігіне, ал Елдос Сметовты Олимпиада ойындарына дайындағанды жөн санадық. Екі спортшымызды екі маңызды жарысқа арнайы дайындадық. Ғұсман Қырғызбаев Будапештте үмітімізді ақтап, әлем чемпионатының күміс жүлесіне ие болды",– дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

66 келіде жарсықа түсетін Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжановқа тоқталған бас бапкер олардың арасындағы бәсеке тартысты жүргенін айтады. Бес жылға созылған олимпиадалық циклде екі дзюдошыға бірдей мүмкіндік беріліп, әлемдік жарыстарға қатар шыққан.

"Әлем чемпионатының алдында дәл осы салмақ бойынша да бапкерлермен ақылдасып, Токиоға баратын спортшыны әлем чемпионатынан кейін белгілі болады деп тарқасқанбыз. Өздеріңіз көргендей, Елдос Жұмақанов әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, жарыста бесінші болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгенде, сөзсіз, Елдос олимпиадалық рейтингте алдыңғы қатарға шығатын еді. Алайда, жарақатына байланысты ол жартылай финалда тоқтады. Қазіргі таңда 66 келіде Ерлан Серікжанов рейтингте жоғары тұр. Сондықтан осы салмақ бойынша Ерлан Серікжанов Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды. Ал қалған салмақтар бойынша рейтингте тиісті ұпай еншілеген балуандар Токиоға аттанады",– дейді бас бапкер.

Сондай-ақ 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев Олимпиада ойындарына қатысады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Хамза құрлықтық квотаға ие болды.

"Осылайша, Токио Олимпиадасына ерлер құрамасынан жалпы саны бес дзюдошы қатысады. Олар: Елдос Сметов (60 кг), Ерлан Серікжанов (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Дидар Хамза (81 кг) және Ислам Бозбаев (90 кг)",– дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу