ЕАЭО арқылы жүктердің транзиті үшін барлық шектеуді жою қажет – Тоқаев

616

Мемлекет басшысының айтуынша, тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін тездету қажет.  

ЕАЭО арқылы жүктердің транзиті үшін барлық шектеуді жою қажет – Тоқаев Фото: t.me/bort_01

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО аумағы арқылы өтетін жүктерге қойылатын барлық шектеуді жою қажеттігін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Келесі мәселе –  ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағы бойынша тауарлардың еркін транзитін қамтамасыз ету. Интеграциялық серіктестігіміздің тиімділігі "төрт еркіндік" қағидатын сақтауға тікелей байланысты. Солардың бірі –  тауар өткізу еркіндігі. Біздің ортақ кеден аумағымыз арқылы транзитпен өтетін қазақстандық және қазақстандық емес жүктердің де тасымалы шектеудің, квоталаудың және кешіктірудің жағдайларын жою қажет деп ойлаймын. Мұндай шектеулер ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың мақсаттары мен рухына сай келмейді. Олар біздің экономикалық интеграциямыздың әлеуетін іске асыруды шектейді. Тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз", - деді ол.

Президент бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестерге оң әсер етуінің жақсы үлгісі болатынын жеткізді.

"Бұл келісімді жедел ратификациялап, келісім аясында мемлекеттік бақылау шараларын қысқарту экономикалық одақтың көлік-транзиттік, кәсіпкерлік әлеуетін айтарлықтай кеңейтеді деп санаймын. Келісімді жедел ратификациялау бұл мәселелерді шешуге ықпал етеді", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу