ЕАЭО аумағында "зейнетақы экспортына" рұқсат берілмек

1065

Зейнетақы жинағы -  мұраға қалатын меншік.

ЕАЭО аумағында "зейнетақы экспортына" рұқсат берілмек

ЕАЭО-ға мүше елдің азаматы екінші одақтас елде жүріп қайтыс болса, жинаған зейнетақысының бәрі мұрагерлеріне берілуі мүмкін. Еуразиялық экономикалық кеңес алқасының экономика және қаржылық саясат жөніндегі министрі Тимур Жақсылықов осылай деп отыр.

"Қазір Қазақстанда, Армения мен Қырғыз Республикасында ғана зейнетақы салымы жинақталады. Келісім бойынша, одақтас елдердің аумағында жұмыс істеген адам қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері марқұмның зейнетақы жинағына мұрагерлік талап ете алады. Бірақ ол азаматтың еліндегі ұлттық заңнамада зейнетақы жинағына мұрагерлік құқық қарастырылған болуы керек. Ол үшін отбасы мүшелеріне марқұмның зейнетақы жинағы қалыптасқан елде тұру шарт емес. Бұл мүмкіндік "зейнетақы экспорты" аясында іске асады. Мысалы, Қазақстанда жұмыс істеген адамның мұрагері БЖЗҚ-дан біржолғы төлем талап ете алады. Тіпті ол үшін Қазақстанға келудің қажеті де жоқ. Өз еліндегі құзырлы органдарға жүгінсе болды. Ұлттық заңнамалардың көбінде зейнетақы жинағы жұмыскердің меншігі болып есептеледі. Мұндай заңнамасы бар елдерде мұрагер меншіктің бұл түріне де иелік етуге хақылы", - деді ЕЭК өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу