ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс отырысында "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы Хаттама мен Келісімді ратификациялауға" қатысты заң жобасын ұсынған болатын.
"Осы Келісімді әзірлеудің мақсаты жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын Еуразиялық экономикалық одағынан шет елге өткізу бойынша ақпарат алмасу болып табылады. Келісімде кедендік Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі айқындалған", - деді министр.
Бұдан бөлек ведомство басшысы Келісімде көрсетілген ақпараттық жүйеге қатысты депутат сауалына да жауап берді.
"Бұл келісімнің 2-бабында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жеке тұлға жолаушылар-кедендік декларациясында немесе тауарларға арналған декларацияда мәлімдеген мәліметтерді ұсыну арқылы жүзеге асырылатыны көрсетілген. Қазақстан тарапынан бұл мәліметтерді ұсынуға Қаржы министрлігі жауапты. Бұдан бөлек 4-бапта ақпаратты қорғау жөніндегі қажетті шаралар қамтамасыз етілген жағдайда, одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылуы мүмкін екендігі айтылады. Интеграцияланған ақпараттық жүйені әзірлеу қазір қандай сатыда тұр және осы жүйені енгізген кезде дербес деректер қаншалықты қорғалады?", - деп сұрады депутат Айгүл Құспан.
Министр "ақпараттық жүйе өнеркәсіптік пайдалануға берілген кезде арнайы тестілеуден өтетінін" атап өтті.
"Келісімде ақпараттық өзара іс-қимыл интеграцияланған ақпараттық жүйені пайдалана отырып жүзеге асырылатындығы, бірақ міндеттемейтіні көрсетілген. Дегенмен, біз ЕурАзЭҚ елдерімен бірлесе отырып, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру үшін оларды ретке келтірудеміз. Қазіргі уақытта автоматтандыруды қажет ететін 80-ге жуық процесс анықталып отыр. Олардың ішінде 20-дан астам процесс автоматтандырылды. Жоспарлы түрде жұмыс әрі қарай жалғасады. Заңнамаға сәйкес бұл ақпараттық жүйелер өнеркәсіптік пайдалануға берілетін кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан міндетті түрде тестілеуден өтеді. Біз байланыс арналарының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеміз", - деп жауап берді қаржы министрі.
Айта кету керек, бұл хаттаманы ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейтін көрінеді.