Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Фармакопеялық комитетінің құрамы бекітілді. Бұл туралы комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап strategy2050.kz хабарлады.
"Еуразиялық экономикалық комиссияның жанынан құрылған Фармакопеялық комитет сарапшыларының негізгі міндеті қысқа мерзімде одақ фармакопеясын құру болып табылады. Ол дәрілік заттарды өндірушілер үшін қажетті сапа деңгейін белгілеп, тұтынушыларға ЕАЭО нарығында айналымға енгізілетін дәрілердің бірыңғай стандартқа сәйкес келетініне кепілдік береді", – деп мәлімдеді ЕЭК Техникалық реттеу алқасының мүшесі (министр) Валерий Корешков.
Фармакопеялық комитеттің құрамына фармация, фармацевтикалық химия, талдамалық химия салаларындағы сарапшылар кірді.
Қазірдің өзінде Фармакопеялық комитеттің жұмыс кабинетінде 180-нен астам фармакопеялық бап (монографиялар) бар, олар дәрілердің сапасын бақылау әдістеріне, олардың фармацевтикалық қасиеттерін сынауға, түпнұсқалығы мен қауіпсіздігін растауға қойылатын талаптарды қамтиды.