ЕАЭО-ға мүше елдер зергерлік бұйымдарды екінші рет сынамадан өткізбейді

1070

Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады.

ЕАЭО-ға мүше елдер зергерлік бұйымдарды екінші рет сынамадан өткізбейді

Бұл келісімге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасында 2019 жылғы 22 қарашада Мәскеуде қол қойылған, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.

Құжат одаққа мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылығын жасау және тиімді шара әзірлеуге бағытталған сауда-экономикалық тетіктер қалыптастыруды және ЕАЭО кедендік аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз етуді көздейді.

"Келісім бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдардың ішкі нарығына қатысты құқықтық негіздер мен талаптарды айқындайтын 18 баптан тұрады. Құжат ЕАЭО-ның зергерлік бұйымдарының ішкі нарығындағы саудада мүше мемлекеттердің сынамалық таңбаларын өзара танудың болмауына байланысты туындайтын шектеулерді жояды. Егер зергерлік бұйым Қазақстанда жасалса және сыналса, ол бұйымды ЕАЭО-ға қатысушы елдерде өткізу барысында қайта сынамалау қажет болмайды", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов.

Оның сөзінше, мүше мемлекеттердің келісім ережесін қаншалықтыорындап жатқанын анықтау үшін бес жылда бір рет тексеріс өткізіліп тұрады. Келісім аясында өңделмеген табиғи алмастарды ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағынан екіншісіне тасымалдауға рұқсат береді. Бұл іс өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберлий процесі талабына  сай іске асырылады. Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді.

"Тиісті нормалар толық есеп жүргізуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік жағдай жасайды. Сондай-ақ келісім елде өндірілетін алтынды сатып алуда қатысушы мемлекеттердің басым құқығын мойындайды. Жалпы алғанда, келісімге қол қою және оны қолдану Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп, бағалы металдар және асыл тастар нарығында өзара сенім қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу