Енді рет-ретімен жеткізсек! Еуразиялық экономикалық одақ аясында бизнес болжағандай болмай тұр. Еуразиялық даму банкі интеграция бойынша жасайтын жыл сайынғы есебінің кезекті қорытындысын осылай түйіндеп отыр. Онда тіпті компанияларды тартуға салыққа жасалған жеңілдіктер де көмек болмай отырғаны көрсетіліпті. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылған тұста, яғни 2011-2012 жылдары сарапшылар ортақ бизнесті дамытуға дәл осы салық реформасына енгізілген түзетулер сеп болуы тиіс деп болжаған еді. Мәселен, Ресейде жергілікті кәсіпкерлерге салынатын салық жалпы ішкі өнімнің 34% болса, Қазақстанда бұл небәрі 14%-ды құрайды. Бірақ төмен пайыздың өзі 5 елдегі кәсіпкерлердің бірлесуіне әкелмеген. 2016 жылдың есебіне сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлесіп жұмыс істеген компаниялар саны бір мыңнан әзер асқан.