ЕАЭО серіктестерін іріктеу: Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың ұсынысын қолдады

387

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.  

ЕАЭО серіктестерін іріктеу: Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың ұсынысын қолдады Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы бағыттағы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру мүмкіндіктеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы бағыттағы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру. Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланысын одан әрі кеңейту қажет. Қазіргі кезеңде Үндістанмен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Бұл жұмыс, жалпы осы қызметтің басқа да бағыттары сияқты, ерекше назар аударуға тұрарлық деп есептеймін", – деді Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында. 

Мемлекет басшысының сөзінше, бүгін шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте орынды ұсыныстар айтты. Александр Лукашенко еркін сауда аймақтарын құру және бақылаушы мәртебесін алу жөніндегі серіктестер іріктеліп таңдалуы тиіс екенін жеткізгені белгілі болды. Яғни, тек белгілі бір критерийлерге нақты сай келетіндерді таңдаған жөн екенін атап өтті.

"Қазақстан Еуразиялық одақ органдарына төрағалығы аясында алдағы уақытта да ортақ экономикалық әлеуетті нығайтуға, қатысушы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсетуге ниетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығара алатынымызға сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, бұған дейін Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысқанын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу