Еуразиялық экономикалық комиссияның кезекті кеңесінің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ нарықтар құруға ықпал ететін бірқатар құжаттар қабылданды. Қазақстандық тарапты вице-премьер Серік Жұманғарин басқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттер биржаларының ұйымдастырылған сауда-саттықтарына қатысуға жіберу туралы кеңесте мақұлданған келісім – бұл ортақ биржалық кеңістікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Кеңес мүшелері мақұлдаған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі әкімшілік ынтымақтастық туралы келісім осы қызметтер нарығын ашуға және ырықтандыруға бағытталған.
Құжат ЕАЭО елдерінің ресми сайттарында еркін қолжетімді ақпарат тізімін анықтайды. Оған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер, іс-шаралар, нарық қатысушылары туралы деректер және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру кезінде тараптардың тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін басқа да қажетті ақпарат кіреді.
Бұл құжат ғылыми-зерттеу қызметтерінің бірыңғай нарығында өзара тиімді байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің автомобиль жолдарында жүріп-тұру кезінде көлік құралдарының рұқсат етілген салмағы, осьтік жүктемелері және габариттері туралы келісімге қол қойылды.
ЕЭК Кеңесінде 2020 жылы Қазақстан тарапынан ұсынылған тері бұйымдарын таңбалауға қатысты тәсілдерді өзгерту бойынша жол картасы бекітілді.
ЕАЭО-да тері бұйымдарын міндетті таңбалау 2016 жылы енгізілді. 2020 жылы Қазақстан осы тауарларды радиожиілікті RFID-таңбамен белгіленген бірегей кодтың орнына екі өлшемді Data Matrix штрих-кодымен белгілеуді ұсынды.
Әртүрлі деңгейдегі талқылаулар мен жұмыс топтарының нәтижесінде тері бұйымдарын таңбалаудың жаңа тәртібіне көшу бойынша жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
ЕЭК Кеңесінде мақұлданған құжат технологиялық құжаттарға, кедендік реттеу саласына және басқа да бағыттарға өзгерістер енгізуді қарастырады. Тері бұйымдарын Data Matrix форматындағы штрих-кодпен таңбалауға көшудің барлық рәсімдік мәселелерді 2025 жылғы сәуірде аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Одақ аясында медициналық бұйымдарды айналымға шығару қағидалсы мен бірыңғай талаптары туралы келісімге өзгерістер енгізілді.
Жаңа өзгерістер Одақ аясында өндірілген және үшінші елдерден әкелінген медициналық бұйымдарға бірыңғай талаптарды сақтау қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Отырыс шеңберінде өзара сауда, цифрландыру, кедендік-тарифтік және техникалық реттеу, халықаралық ынтымақтастық, санитарлық және фитосанитарлық шараларын қолдануды қамтитын 50-ден астам мәселе қаралды.