Онлайн форматта өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің кезекті отырысына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация қатысты. Жиында Қазақстан үшінші елдерде өндірілген навигациялық пломбаларды пайдалану мерзімін ұзарту туралы ұсыныс енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған бастама ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 4 шілдедегі шешіміне байланысты көтерілді. Оған сәйкес, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің операторлары тек Одақ аумағында өндірілген навигациялық пломбаларды қолдануға міндеттелмек.
Қазақстанда жүк тасымалын бақылау жөніндегі ұлттық оператор – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ғарыш техникасы мен технологиялары институты. Қазіргі таңда мекеме өз құрылғыларымен қатар, екі жыл мерзімге жалға алынған, үшінші елдерде өндірілген шамамен 10 мың навигациялық пломбаны пайдаланып отыр. Оларды мерзімінен бұрын алмастыру едәуір қаржылық шығынды талап етеді. Бұған қоса, ЕАЭО елдерінің өндірістік мүмкіндігі әзірге Қазақстанның қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды.
Сонымен қатар елімізде навигациялық пломбаларды өндіретін отандық кәсіпорындар анықталған. Дегенмен өндірісті толық іске қосу үшін қосымша уақыт қажет.
Талқылау нәтижесінде ЕЭК Кеңесі Қазақстанның ұсынысын қолдап, үшінші елдерде өндірілген навигациялық пломбаларды пайдалануға қатысты шешімнің күшіне ену мерзімін 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Отырыста ветеринариялық бақылауға жататын нысандарды бірлесіп тексеру және өнім үлгілерін іріктеу тәртібіне енгізілетін өзгерістер де мақұлданды. Жаңа түзетулерге сәйкес, бес жылдан астам уақыт бойы ЕАЭО аумағына бақылаудағы өнім жеткізбеген үшінші елдердің кәсіпорындарын тізілімнен шығару жөнінде бастама көтеруге мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, Кеңес ЕАЭО-ның "Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне өзгерістер енгізуді мақұлдады. Оған сәйкес, өнімдерге қосарланған токсикологиялық сынақ жүргізу талабын енгізу мерзімі бір жылға шегерілді. Бұл шешім мұндай зерттеулерді жүргізе алатын аккредиттелген зертханалардың санының аздығына байланысты қабылданды.