ЕЭК шешімдерін елемегені үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады

ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

ЕЭК шешімдерін елемегені үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады Фото: inbusiness.kz

Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік саласындағы шешімдерін орындамағаны үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Серік Өтешевтің айтуынша, ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

"Негізгі өзгерістердің ішінде мыналарды атап өтуге болады. Біріншіден: фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде беру мүмкіндігі пайда болады. Өзара саудада бұл құжаттар қағаз жүзінде беріліп келді. Электрондық құжаттарды енгізу цифрлық жүйеге көшіруге өз кезегінде жеміс-жидек пен көкөніс партияларын "егістіктен кассаға дейін" қадағалауға мүмкіндік береді", - деді спикер.

Екіншіден, Серік Өтешевтің айтуынша, ЕЭК шешімдерін орындамағаны үшін айыппұлдар енгізу жоспарлануда.

"Сонымен қатар трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ оның талабы бойынша ЕЭК-ке ақпарат бермегені үшін айыппұлдар қарастырылған", - деп түсіндірді сенатор.

Үшіншіден, тергеу тетігі енгізіліп жатқанын айтты.

"Егер шетелдік өндіруші тауарды төмен бағамен жеткізсе, ЕЭК демпингке қарсы шараларды белгілеуге құқылы. Алайда бұл шара импорттық тауарлардың бағасының өзгеруіне әкелмейтін жағдайлар бар. Осы мақсаттар үшін механизм әзірленуде. Осылайша, ұсынылып отырған механизм қазақстандық өндірушілерді үшінші ел өндірушілерінің жосықсыз сауда тәжірибесінен қорғайды", - деп түсіндірді Өтешев.

Төртіншіден, сенатордың айтуынша, ЕАЭО елдерінде педагогикалық және заңгерлік қызметтегі қызметкерлердің білімі туралы құжаттарын тану талаптары алынып тасталды. Бұл жұмыспен қамту шарттарын жеңілдетуге бағытталған, деп қосты сенатор.

"Бесіншіден, одақ органдарының қабылданған актілерінің нақты әсерін бағалау тетігі енгізілуде. Бұл комиссияның қабылданған шешімдерін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық шарттардың жобаларына қатысты да бағалау енгізілуде. Осының барлығы бизнесті жүргізу шарттарын қатңдататын, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін негізсіз шығындарға әкелетін артық нормаларды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жүргізу үшін жағдай жақсарады және актілердің ашықтығы артады", - деді сенатор.

Ал, Сенат детутаты Сергей Карплюктің айтуынша, негізгі түзетулердің бірі фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде беру мүмкіндігі.

"Қазір бұл процедура екі-үш күнге созылады. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Россельхознадзор арасындағы электронды пошта арқылы ақпарат алмасу, содан кейін бұл ақпаратты шекараға жіберуге байланысты", - деп түсіндірді ол.

Жалпы, сенатордың айтуынша, бұл шекарадағы тауарларды тексеру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Айта кетейік, Сенат "2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңды мақұлдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу