Сайлау қарсаңындағы соққы
Канаданың Ванкувер қаласында көше фестивалі кезінде бір топ адамды көлік соқты. Қанды оқиға жергілікті уақытпен сенбі күні болды. Одан бірталай адам қаза тауып, өзгелері жараланған.
Шабуылдан кейін 30 жастағы жүргізуші тұтқындалды. Оның мұндай қылмысқа неліктен барғаны белгісіз. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Ел Премьер-министрі Марк Карни Х әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, Ванкувердегі сұмдық жағдайды естігенде шошынғанын айтып, құрбандардың туған-туыстарына көңіл айтты.
Айта кетсек, дүйсенбі күні Канадада жалпыхалықтық сайлау өтуі керек.
Жаппай жарылыс
Иранның оңтүстігінде болған жарылыс құрбандарының саны 25-ке жетті. Жараланғандар 1200-ге жуықтап отыр. Сенбі күні бұл елдің Шахид-Раджаи портында ракеталық отынға қолданылатын химиялық материалдар қоймасының күлі көкке ұшты.
Жақын маңдағы контейнелер мен өзге де нысандарды шарпыған от әлі толық сөндірілген жоқ.
АР агенттігі хабарлағандай, бүгін лапылдаған жалынның үстіне тікұшақтармен су төгіліп жатыр.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, тілсіз жау жексенбінің кешіне дейін ауыздықталуы тиіс. Бандар Аббас маңындағы порт өз жұмысын ішінара жандандыра бастаған.
Жарылыс АҚШ пен Иран Оманда ядролық келіссөздердің үшінші раундын жүргізіп жатқанда болды. Дегенмен, Ислам Республикасы үкіметінің бірде-бір өкілі ондаған адамның өмірін қиған оқиғаны сырттан жасалған шабуыл деп сипаттаған жоқ.
Елдің ішкі істер министрлігі хабарлағандай, қазір жарылыстың мән-жайы тергеліп жатыр.
Зілзала залалы
Осы аптада бүкіл әлемді елең еткен тағы бір жаңалық Түркиядан жетті. Сәрсенбі бұл елдің ең ірі қаласы Ыстанбұлды қуаты 6,2 баллдық зілзала тербелтті. Жер дүмпуін көршілес провинциялар мен мемлекет астанасы Анкара халқы да сезініп, жаппай далаға қашқан. Сонымен қатар, жер сілкінісі Ыстанбұлдан 550 шақырым жердегі Измир тұрғындарын да алаңдатты.
Зілзаладан кейін 50 рет афершок тіркелді. Бірақ олардан келген залал шамалы. Ғимараттар аса зақымданбаған, 151 адам жараланды. Олардың көбі қатты қорқып, биіктен секіргенде аздап мертікті.
Бұған дейін сейсмолог-ғалымдар болжағандай, Ыстанбұлда үлкен жер сілкінісі кез-келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан болмашы дүмпудің өзі жергілікті тұрғындар арасында айтарлықтай байбалам тудырады.
Соғыс қаупі
Сейсенбі күні Кашмирдің үндістандық бөлігінде 26 турист оққа ұшып өлгеннен кейін Оңтүстік Азияның екі ядролық державасы арасындағы шиеленіс күшейіп барады. Құрбан болған саяхатшылардың 25-і – үнділер, біреуі – непалдық. Олардың қазасынан кейін екі ел шекарасында бірнеше рет атыс болды. Әзірге мерт болғандар жоқ.
Шабуыл үшін Үндістан Пәкістанды айыптады. Исламабад Нью-Дели таққан кінәні жоққа шығарып отыр. Даудың ушыққаны сонша, тараптар бір-бірінің азаматтарын визадан айырып, арадағы шекараны жауып, сауда-саттықты тоқтатып жатыр.
Ең қиыны – Үндістан Үнді өзенінің суын ортақ пайдалану туралы келісімді доғарған. Бұны Пәкістан соғыс актісіне теңеп, көрші ел ұшақтары үшін өз әуе кеңістігін жапты.
Айта кетсек, Дүниежүзілік банктің делдалдығымен жасалған бұл келісім бойынша аталған өзен суы Пәкістандағы ауылшаруашылығы жерлерінің 80 пайызына пайдаланылды.
"Егер олар суды тоқтатса, бүкіл ел шөлге айналады", – дейді пәкістандық 40 жастағы фермер Хомла Тахур "Рейтер" агентігіне берген сұхбатында.
Cirium Ascend мәліметтеріне жүгінсек, IndiGo, Air India және оның бюджеттік бөлімшесі Air India Express сәуір айында Нью-Делиден Еуропаға, Таяу Шығысқа және Солтүстік Америкаға 1200 рейс жоспарлаған.
Осылардың ішінде IndiGo шамамен 50 халықаралық бағытқа өзгерту енгізуге мәжбүр. Бұл авиациялық компания 27 сәуірден кем дегенде 7 мамырға дейін Алматыға, 28 сәуірден 7 мамырға дейін Ташкентке рейстерді тоқтататынын хабарлап отыр.