Егін жинау науқаны: жеңілдетілген дизель отынының бағасы арзандайды

468

Бүгінгі таңда фермерлер 910,3 мың га астық жинады.

Егін жинау науқаны: жеңілдетілген дизель отынының бағасы арзандайды Фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында жаппай егін жинау науқанына дайындық пен жемшөп дайындау процесі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда фермерлер 910,3 мың га астық жинады. Орташа өнімділігі 13,8 ц/га болған кезде 1,3 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 1,6 мың тонна майлы дақыл, 293,7 мың тонна картоп, 915,7 мың тонна көкөніс және 1,9 млн тонна бақша өнімі жиналды.

Егін жинау жұмыстары елдің 9 облысында жүргізілуде, негізгі астық егетін өңірлер жаппай егін жинауға тамыздың үшінші онкүндігінде кіріседі.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін шаруаларға 426 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігі бекіткен жанармайдың бастапқы құны МӨЗ-ден тоннасына 284 мың теңгені құрады. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға 269 теңге/литр болды. Алайда, отырыс барысында Энергетика министрлігінің өкілдері бүгіннен бастап жеңілдікті дизель отынының бағасы белгіленген станцияға дейінгі көлік шығындарын ескере отырып, төмендетілетінін хабарлады.

Алдын ала есептеулер фермерлер үшін орташа баға литріне 258-262 теңгені құрайды, немесе бұл нарықтық бағадан 12% төмен.

Соңғы мәліметтер бойынша шамамен 969 мың тонна пішен дайындалды, бұл жоспарланған көлемнің 67,1% құрайды. Ауыл шаруашылығы жануарларының рационындағы негізгі азық - шөп дайындау 15,8 млн тоннаны немесе жоспардың 63,3% құрады. Сабан, сүрлем және жемшөптің негізгі өнімі қыркүйек айында басталады.

Шөп дайындаудың жақсы қарқыны Қостанай (93,4%), Жамбыл (88,7%), Солтүстік Қазақстан (82,5%), Түркістан (82,4%) және Алматы (79,3%) облыстарында байқалады.

Төмен қарқынды Павлодар (11%), Маңғыстау (24,6%), Атырау (32,2%), Абай (36,5%), Шығыс Қазақстан (39,8%) және Батыс Қазақстан (41,5%) облыстары көрсетті.

Әкімдіктерге жемшөп дайындауды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу тапсырылды. Атап айтқанда, бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 9,1 млрд теңге бөлінеді.

АӨК субъектілерін "ҚазАгроҚаржы" АҚ желісі бойынша одан әрі лизингке беру үшін жемшөп дайындау техникасын сатып алуға қаржыландыру басталды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу