Египеттің бұрынғы мемлекет басшысы Хосни Мүбәрәк 91 жасында дүниеден озды. Бұл туралы елдің мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлап жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, саясаткер ұзаққа созылған дерттен көз жұмған екен.
Қаңтар айының соңында оның асқазанына операция жасалып, содан бері ол жан сақтау бөлімінде жатқан.
Хосни Мүбәрәк Египетті 1981 жылдан бастап 2011 жылға дейін 30 жыл басқарды. 2011 жылы халық оның биліктен кетуін талап етіп, ереуілге шыққан болатын. Сол жылдың ақпан айында ол отставкаға кетті. Көп ұзамай оған жемқорлықпен айналысты және ереуілшілердің өліміне кінәлі деген айыптар тағылып, тұтқынға алынған болатын. Мүбәрәк 6 жылға темір торға қамалып, 2017 жылы бостандыққа шықты. Ал соңғы жылдары ол жанұясымен бірге Каирдің Гелиополис ауданындағы зәулім үйінде тұрып келген.
Табиғат Нұрболат