Бұл бағдарламаға өтінім қабылдау өткен жылдың қазан айында басталған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін сыйақының түпкі мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрап отыр.
– Бүгінгі күні 273 млрд теңге көлемінде 2004 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамтитын пул қалыптасты. Қазірдің өзінде 1581 өтінім назарға алынып, 172,3 млрд теңгеге қаржыландырылды, 2 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды.
Сонымен қатар, несие сомасының 85%-на дейін кепілдік беруге жол ашатын "Даму" қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігі іске асырылуда. Қазіргі уақытта 333 кепілдік берілді, қарыз сомасы 55 млрд теңгені құрайды, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау 1 қазанда басталған болатын.
Қаржыландыруды ерте бастау шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік сыйлады. Алынған қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералдық тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталмақ.
Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге, сонымен қатар, егін жинау науқанына және маусымдық шығындарды жабуға қолжетімді. Қаражат еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы ұсынылады.