1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд текше метр су жиналған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін 15 текше километр судың шамамен 12 текше километрі тұрақты суаруға жұмсалады, оның 98 пайызы еліміздің бес оңтүстік облысына – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Көктемгі ауа-райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты ағымдағы вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімдермен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды", - деді министр Үкімет отырысында.
Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, биылғы вегетациялық маусымның ерекшелігінің бірі – вегетация алдындағы кезеңде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіздігі.
"Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд м³ су жиналған", - деп атап өтті ведомство басшысы.