Электронды үкімет порталынан ЭЦҚ-сыз анықтама алуға болады, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
Мемлекеттік органдардан ноу-хауды сынауға әзірге тек бас прокуратура ғана бел байлады. Бүгінгі күннен бастап электронды үкімет порталынан соттылығы жоқ туралы анықтама алу үшін электронды цифрлы қолтаңбаның болуы міндетті емес. Азаматтар оны еgov.kz порталына авторлану кезінде қызметті алушының ұялы телефонына түсетін бір реттік sms-паролдің көмегімен ала алады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл жаңалық порталдан қызметті алуды едәуір жеңілдетеді.
"Азаматтардың барлығында ЭЦҚ бола бермейді, ал ЭЦҚ бары оны әрқашан өзімен бірге алып жүрмейді, сондай-ақ бір анықтама алу үшін ХҚКО-ға бару барлығына бірдей қолайлы емес. Мұндай жағдайда, қызметті бір реттік парольдің көмегімен алу – жағдайдан шығудың тамаша бір жолы. Бір реттік құпия сөзді ЖСН-ді телефон нөміріне байланыстыра отырып, ХҚКО-дан да алуға болады. Осылайша, жақында ЭЦҚ-ға байланыстырмай-ақ өзге де мемлекеттік қызметтерді алуға болады", – дейді Абылайхан Оспанов.
Айта кетейік, бір реттік құпия сөзді алу үшін азаматтар электронды үкімет порталында m-gov телефон нөмірлері базасына тіркеле алады.
Осы жоба ақпарат және коммуникация министрлігінің бастамасымен бас прокуратурамен бірлесе отырып, пилоттық режимде іске асырылды. Қазір басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерін алу процесін жеңілдету жұмысы жүргізіліп жатыр.