Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz сайты неге істен шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер вице-министрден "eGov.kz сайты бүгін тағы істен шықты. Бұл жыл сайын қайталанады. Келесі жылы осындай жағдай тағы бола ма?" деп сұрады.
"Шынында да, электрондық үкіметтің платформасының уақытша істен шығуы байқалды. Бұл бірінші сыныпқа өтінім беру қызметін пайдаланғандар санының көптігімен байланысты болды. Платформа жұмысы қысқа уақыттың ішінде қалпына келтірілгенін айтқым келеді. Айта кету керек, қызметтің өзін іске қосу сағат 15:00-ге жоспарланған еді. Тиісінше сол уақытта қызмет түрі порталда қолжетімді болады", - деді Ростислав Коняшкин.
Оның сөзінше, биыл жаңа eGov3.0. порталы іске қосылатынын айтты.
"Бұл – толық жаңартылған портал. Қазіргі портал 2013 жылғы технологиялар негізінде жұмыс істеп тұр. Қазіргі eGov өзінің бар мүмкіндігінде жұмыс істеп тұр. Сондықтан да сервис пен оның құрамдас бөліктерін екі жыл бойы қайта жазып жатырмыз. Осы жылы сайттың жаңартылған нұсқасын көре аласыздар", - деді вице-министр.