"EGov mobile" қосымшасында "eDensaulyq" медициналық деректер бөлімі кеңейтілмек

817

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.  

"EGov mobile" қосымшасында "eDensaulyq" медициналық деректер бөлімі кеңейтілмек Фото: gov.kz

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Осыған байланысты елімізде цифрландыруды тереңдету және денсаулық сақтау саласындағы ақпарат жүйелерін біріктіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл орайда жеке медициналық деректердің таралу қаупін жою өте маңызды саналады, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгінгі таңда "eGov mobile" мобильді қосымшасында "eDensaulyq" жаңа бөлімі іске қосылған, онда халықтың кеңейтілген медициналық деректері, оның ішінде донорлық мәртебесі (тірі кезіндегі), электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер, жүктілік бойынша есепке тұру, диспансерлік есепке тұру, ауруханаға жатқызу деректері, вакциналау туралы ақпарат, зертханалық зерттеулер нәтижелері туралы мәліметтер, көрсетілген клиникалық-диагностикалық қызметтер (дәрігердің қабылдауы және т.б.), аурухана парақтары кіреді.

Айта кету керек, қосымшаның бір бөлімінде аталған деректердің жиналуы медициналық көмек көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ел тұрғындары кез келген уақытта өздерінің медициналық деректеріне қатысты қажетті ақпаратты ала алады.

"Азаматтар смартфон қосымшалары арқылы қабылдауға жазылу, үйге дәрігер шақыру, талдау нәтижелері және басқа да медициналық ақпаратты алу мүмкіндігін бағалап үлгерді. Денсаулық сақтау саласын әрі қарай цифрландыру медициналық көмекті одан да қолжетімді етеді, медициналық қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттырады", — деді А. Көлгінов.

Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға құпия медициналық деректерді қорғау керектігін ескере отырып, ақпарат жүйелерін біріктіру және цифрлық медицинаны одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу