eGov Mobile мобильді қосымшасында жаңа цифрлық құжат – "Колледж дипломы" пайда болды, деп жазады inbusiness.kz.
"eGov mobile қосымшасының жетістіктерінің бірі – "Цифрлық құжаттар" сервисі. Оның көмегімен қолданушылар цифрлық құжаттарды ұялы телефонынан көрсете алады. Енді колледж түлектері eGov Mobile қосымшасы арқылы құжатты цифрлық форматта қолдана алады. Осыған дейін eGov mobile пайдаланушылары үшін жоғары оқу орындарының дипломдары мобильді қосымша арқылы қолжетімді болды. Бұл қажетті құжаттарды алу және ұсыну процесін едәуір жеңілдетеді", - деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Цифрлық құжатты қолдану үшін eGov mobile қосымшасының басты бетінде "Цифрлық құжаттар" сервисін таңдау керек. Пайдаланушы құжатпен QR код немесе 6 таңбалы код арқылы бөлісе алады.
Цифрлық құжат түпнұсқа құжаттың аналогы болып есептелінеді. Бүгінгі таңда "Цифрлық құжаттар" сервисінде 27 құжат бар. Оның ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ҚР азаматының паспорты және т.б.
Айта кету керек, осыған дейін колледждерде дипломдар QR-код арқылы беріле бастағанын жазған болатынбыз.