"Емханаға тіркел – МӘМС жүйесіндегі мәртебеңді анықта" кампаниясының бірінші айында eGov порталы арқылы 6654 азамат тіркелді. 2017 жылдың бірінші тоқсанында емханаға онлайн-тіркелу қызметін 19 мыңнан астам азамат қолданды, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.
Қазақстанда 5 сәуірде халықты емханаға тіркеу бойынша кампания басталды, науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл жұмыс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу аясында өткізіледі. Емханаға тіркелу тәсілдерінің бірі – электронды үкімет порталындағы онлайн-қызметін пайдалану, бұл ретте электронды цифрық қолтаңба (ЭЦП) қажет емес.
Қызметті онлайн алу үшін eGov.kz порталында авторизациядан өту және "Денсаулық сақтау" бөліміне өтіп, "Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу" қызмет атауын таңдау жеткілікті. Әрі қарай "Онлайн сұрау" батырмасын шертіп, азамат туралы деректерді көрсете отырып, сұрауды толтыру және өтінішті жіберу керек. Емханадағы жауапты қызметкер сұранымды алып, тіркелу туралы талон рәсімдейді. Қызмет тегін көрсетіледі, мерзімі – 1 жұмыс күні. Қызмет көрсету регламенттік мерзімнен асқан жағдайда, тіркелу сұранымы жіберілген медициналық ұйымға жолыққан жөн.
Қызмет көрсетудің нәтижесі жеке кабинеттің "Қызметтер алу тарихы" бөлімінде пайда болады.