Жаңа онлайн-калькулятор отбасының қай әл-ауқат санатына жатуы мүмкін екенін көрсетіп, мемлекеттік әлеуметтік қолдауға қатысты мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, сервис техникалық сынақтан өткен. Калькуляторды 16–17 қазанда іске қосу жоспарланған.
Жаңа құралды пайдалану үшін азаматтар отбасының құрамы мен табысы туралы мәліметтерді енгізуі керек. Нәтижесінде отбасының әл-ауқат деңгейіне қатысты алдын ала бағалау ұсынылады.
"Калькуляторды бүгін-ертең eGov арқылы жариялаймыз. Әлеуметтік желілерде тараған калькуляторлардың ешқайсысы шынайы мәліметке негізделмеген. Келесі аптадан бастап халыққа хабарлама жіберуді жоспарлап отырмыз. Қазір сынақ аясында шамамен 200 хабарлама жолданды", – деді Бақтияр Жазықпаев.
Хабарламаларда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа тәртібі түсіндіріледі. Өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Азаматтарға әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталу қағидаттары және төлемдерден ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі туралы ақпарат беріледі.
Министрлік өкілдері калькулятордың нәтижесі ресми шешім болып саналмайтынын атап өтті. Яғни, алдын ала бағалау отбасының нақты әлеуметтік мәртебесін немесе жәрдемақы алу құқығын түпкілікті анықтамайды.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев та калькулятор арқылы өз отбасының әл-ауқатын тексеріп көрген. Нәтижесінде оның отбасы В санатына жатқызылған.
В санаты экономикалық жағдайы тұрақты, жеткілікті деңгейдегі отбасыларды білдіреді. Министрлік мәліметінше, бұл санатқа жататын отбасылар үшін жәрдемақының 14 түрін беру тоқтатылады.