eGov жаңа технологиялық шешімдер негізінде жаңғыртылады

124

Бүгінде eGov порталы өзінің мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келеді. 

eGov жаңа технологиялық шешімдер негізінде жаңғыртылады  Фото: Үкімет

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov порталы жаңғыртылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Әрі қарай дамыту бағытын анықтау үшін біз eGov-тың қазіргі жағдайын талдадық. eGov порталы 2013 жылғы технологиялар негізінде құрылған және өзінің мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп тұр. Жаңартуларды енгізуде қиындықтар бар, жаңа функцияларды іске қосуда шектеулер бар, инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып келеді, сервистердің қолжетімсіздігі тіркелуде. Осы жағдайларды назарға алып, біз eGov-ты жаңа технологиялық шешімдер негізінде жаңғыртуға кірістік. Қызметтерді қайта құрастыру жүргізіліп жатыр. Бұл оларды бірнеше батырма басу арқылы алуға мүмкіндік береді", - деді министр.

Жаслан Мәдиев электрондық үкімет шлюзі жаңартылып, интеграциялау процестері жақсарғанын баса айтты. 

"2000 пайдаланушыдан тұратын фокус-топта тестілеуден өтіп жатқан виртуалды AI-ассистент құрылды. Жаңғырту көру қабілеті нашар және зағип азаматтар үшін дауыстық және мәтіндік навигация арқылы eGov-қа қолжетімділік береді. Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз тұлғалардың қамқоршылары үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі. Осы қадамдар инклюзивті, орнықты және заманауи цифрлық платформаны құруға бағытталған", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу