Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Париждегі Эйфель мұнарасының шамы Сан-Петербордағы теракт құрбандарын еске алу құрметіне сөнді, деп хабарлайды baq.kz.
Әйгілі мұнараның шамы жергілікті уақытпен түн жарымында сөнді. Жарығы өшкен мұнара түн қараңғысында тіпті көрінбей қалды. Тек әр қабаттан техникалық от қана жылтылдайды.
2015 жылдың қарашасында Францияда болған ірі терактіден кейін Мәскеудегі Останкино телемұнарасы жарығын Францияның триколор түсіне ауыстырған болатын. Сол жолы террористердің шабуылынан 130 адам ажал құшқан еді.
Естеріңізге саламыз, 3 сәуір күні Сан-Петербордағы метрода жарылыс болып, 14 адам қаза тапты, 50-ден астамы жараланды.
Лаңкестікке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 4 сәуірде Петерборда 3 күндік қаралы күн жарияланды.