"Embraer 190-Е2" әуе кемесі Бразилияда жасалған. Елімізге ол зауыттан тікелей әкелінді. Бұл AerCap компаниясынан операциялық лизинг тапсырысы бойынша алынған бес әуе лайнердің екіншісі. Қалған ұшақтар биыл жеткізіледі деп күтілуде, деп хабарлайды азаматтық авиация комитеті.
Ұшақ шағын және орташа қашықтыққа арналған, ұшу ұзақтығы 5 300 км болатын екі қозғалтқышты, тар фюзеляжды реактивті жолаушылар ұшағы тобына жатады. Ол E190-мен салыстырғанда 1000 км артық ұша алады.
Ұшақтың салонында 108 орындық бар. Бұл әлемдегі шуыл деңгейі төмен және техникалық сипаттамасы жақсарған ең тиімді ұшақтардың бірі.
Екінші Embraer 190-E2 ұшағының алғашқы коммерциялық рейсі 31 наурызда Алматы – Орал –Алматы бағыттарына орындалады деп жоспарланып отыр.
Әуе лайнері Қазақстан бойынша, Ресейдің қалаларына, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Украина астанасы мен Қытайдың Үрімші қаласына ұшатын болады.
Айта кетсек, фюзеляжында қар барысы бейнеленген алғашқы Е2 әуе лайнері 2018 жылдың желтоқсан айында алынған болатын. Жаңа әуе лайнерлер Қазақстанда 2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан Embraer 190 үлгісіндегі ұшақтарды алмастырады. Әуе компанияның флоты Boeing 767/757, Airbus A320/A321 және Embraer E190 сияқты 35 ұшақтан тұрады.