ЕҚДБ Қазақстанда дүниежүзіне белгілі Байқоңыр ғарыш айлағынан 130 километр жерде жаңа күн электр станциясының құрылысын бірлесіп қаржыландыру ниеті туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Қуаттылығы 50 МВт Байқоңыр КЭС-і Қызылорда облысында орналасады. Ол өндіретін таза энергия жақын маңайдағы жоғары вольтты электр тарату желілері бойынша Қызылорда қаласын қоса алғанда, КЭС маңайындағы тұтынушыларға жіберілетін болады.
Бұдан бөлек, ЕҚДБ және Қазақстан үкіметі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ол елімізде ЕҚДБ тиісті арнайы бағдарламасы шеңберінде инвесторлар үшін жаңартылатын энергия нарығын ашады.
Осы меморандумда көрсетілген келісімдер өз алдына "жасыл" экономика мен таза энергия салаларында жоғары мақсаттар қоятын елде жаңартылатын энергетиканың жаңадан пайда болған секторын дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
Банк оған 28 млн долларға дейінгі көлемде қаржыландыру бөлетін жаңа КЭС-ті Ұлыбританияда тіркелген "Юнайтед Грин Энерджи Лтд" жеке инвестициялық компаниясы мен Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қорының бөлімшесі болып табылатын "Самұрық Қазына Инвест" компаниясының бірлескен кәсіпорны "Самұрық Қазына Юнайтед Грин Энерджи Лтд" салатын болады.
Қазақстанда ЕҚДБ-нің көлемі 200 млн еуро болатын жаңартылатын энергетиканы қаржыландыру кешенді бағдарламасы қолданылады. "Байқоңыр" КЭС құрылысының болашақ жобасын қаржыландыру Өзара түсіністік туралы жаңа меморандумда айтылған жаңартылатын энергетика саласындағы өзге де жобалар сияқты осы бағдарлама аясында жүзеге асырылады.
"Бүгінгі қол қою – осы елде жаңартылатын энергетиканың дамуының тағы бір растамасы. ЕҚДБ ең ірі қаржыландыру көзі және жаңартылатын энергетика саласындағы реформаларды белсенді қолдаушы ретінде мемлекетпен және инвесторлармен осы сектордағы бизнес-климатты одан әрі жақсарту бойынша жұмыс істеуге дайын", - деді ЕҚДБ директоры Агрис Прейманис.