14 қараша күні сағат 10:40 шамасында Павлодар-Успен-Ресей Федерациясы автомобиль жолының 72-інші шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "ВАЗ 21074" көлігінің 70 жасар жүргізушісі қауіпсіз жылдамдық режимін сақтамастан, көктайғақта қарсы бетке шығып кетіп, "Volkswagen Passat" көлігімен соғылды. Оқиға салдарынан "ВАЗ 21074" көлігінің жүргізушісі мен 70 жасар жолаушы апат орнында жан тапсырды. Ал "Volkswagen Passat" көлігінің 49 жасар жүргізушісі мен 19 жасар жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жол апатының орын алуына қардың уақытылы тазаланбауы себеп болуы мүмкін екенін айтты.
"Жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл бапта кінәліні 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысуға 7 жылға дейін шектеу қою жазасы қарастырылған. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында бұл жолға қызмет көрсететін "Қазақавтожол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда", – деді Жасқайрат Қайыров.
Кейін белгілі болғандай, аталмыш кәсіпорынның бір қызметкеріне қатысты Қылмыстық Кодекстің 353-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Бірақ қызмет көрсетуші компания басшысы Алмас Төреқұлұлы тәртіп сақшылары асығыс шешім шығарды деп пайымдайды.
"Біздің қызметкердің еш кінәсі жоқ. Қар таңғы тоғыздан кейін жауа бастады. Бұл бағыттағы жолға екі техника шығарылып, қарды тазалап, жолға құм септі. Олар жұмысты белгіленген кестеге сәйкес жүргізді. Меніңше, сараптама қорытындысын күту керек. Екі көлікте де жазғы дөңгелектер болған. Жол-көлік оқиғасының орын алуына сол себеп болуы ықтимал", – деді Алмас Төреқұлұлы.
Айта кетейік, бұрын-соңды аталмыш кәсіпорынға қатысты мұндай сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілген емес.
Ажар Дәулетова