Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов "Причал" демалыс аймағында суға батып бара жатқан қыздарды құтқарған полиция қызметкері Руслан Саидов пен құтқарушы Дмитрий Инкинді марапаттады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Біздің полиция қызметкерлері мен құтқарушылар өз міндеттерін абыроймен атқарды. Сіздердің жұмыстарыңызда қиындықтар мен сынақтар көп. Өмірде әртүрлі қиын жағдайлар болып тұрады, сол кезде сіздер бізге көмекке келесіздер. Қарапайым сөзбен айтқанда, құтқарушылар мен полицейлер елдің тыныш ұйқысы үшін бәрін жасайды",–деді қала әкімі кездесуде.
Еске сала кетсек, 28 шілдеде шамамен сағат 15.00-де құтқарушы Дмитрий Инкин "Причал" қонақ үйінін аумағында суға батып бара жатқан екі қызды көріп, оларды құтқаруға ұмтылған. Көмекке жағалауды күзетіп жүрген полицияның аға инспекторы Руслан Саидов та жетеді. Олар қыздарды судан алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, осылайша екі адамның өмірін сақтап қалды.
Қала басшысы Алтай Көлгінов Дмитрий Инкин мен Руслан Саидовқа ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтты.