Екі ай бойы су тасқынымен арпалысқан әскери қызметшілер үйлеріне оралды

767

Теміржол вокзалында оларды гарнизон бастығы, әскери бөлімдердің командирлері, әріптестері, туыстары мен жақындары қарсы алды. 

Екі ай бойы су тасқынымен арпалысқан әскери қызметшілер үйлеріне оралды Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері тұрақты орналасу пунктіне оралды. Олар екі ай бойы Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Жеке өз атымнан және бүкіл әскери ұжымның атынан сіздерге зор алғысымды білдіремін. Табиғи апатпен күресте ешқандай қиындыққа қарамастан, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындадыңыздар", – деді бригада командирі подполковник Азамат Сүлейменов.

Атқарылған жұмыстар жайында артиллериялық дивизионның штаб бастығы майор Марат Оразов егжей-тегжейлі айтып берді.

"Теңіз жаяу әскерлері екі ай бойы Махамбет ауданының Сарайшық, Есбол және Ақтоғай ауылдарын тасқын судан қорғауға қатысты. Олар бөгеттер салып, жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті. Әскери қызметшілердің күш-жігерінің арқасында көлемі 60 шақырым аумаққа жағалау бекіткіштері тұрғызылды. Бұл ретте күн сайын әскери қызметшілер 15 мың қапқа дейін құм толтырғанын атап өту керек", – деп нақтылады ол.

Іс-шара соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу