Екі ай бұрын жоғалған бойжеткеннің денесі сұмдық жағдайда табылды

Қазір қаскөй ұсталған, өз кінәсін толық мойындап отыр. 

Екі ай бұрын жоғалған бойжеткеннің денесі сұмдық жағдайда табылды Фото: ktk.kz

2 айдан аса уақыт із-түзсіз жоғалған 26 жастағы қыздың мәйіті Алматыдағы Кеңсай зираты маңынан табылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Марқұм Айша Хамитті жақын араласқан жігіті өлтіріп, денесін сөмкеге бөлшектеп салғаны белгілі болды. Полицейлер 19 жастағы күдіктіні ұстаған.

Еске салайық, марқұм былтыр қараша айында үйінен "туған күн кешіне барамын" деп шығып кеткеннен табылмаған еді. Бірақ, оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырған.

Айшаның әпкесі Әсия Хамиттің айтуынша, қызға 2 миллион теңгеден аса несие алдыртқан.

– 19 жастағы бала екен, есімі – Нұрмахан. Несие алдыртқан, сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін, Айша айтқан: "Ата-анама айтамын, полицияға арызданамын". Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген, – дейді ол.

Марқұм қыз сырқат әпкесін "осы кісіге көрсетемін" деп оның көмекшісімен, яғни күдікті жігітпен жаз айларында танысқан. Содан бері екеуі сөйлесіп жүрген көрінеді.

– Ауру әпкесін емдеймін деп, TikTok-тан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысады. Біз сүйегін алып шыққан кезде, төрт жігіт әрең көтердік. Қыздың салмағы кемі – 60 келі. 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды, – дейді марқұмның нағашысы Табиғат Әлібек.

26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы саналыпты. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген.

– Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын сот-медициналық сараптасы арқылы анықтайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу