Екі аудан "Каспий су тұщыту" зауытына 400 млн теңге қарыз

1051

Қос ауданның берешегі мерзімінде өтелмейтін болса, зауыттың ары қарай жұмыс жасауына кедергі келтіруі мүмкін. 

Екі аудан "Каспий су тұщыту" зауытына 400 млн теңге қарыз

Облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жаз мезгілінде облыстың елдімекендерін ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы қабылданатын шаралар, балық шаруашылығы саласында іске асырылатын жобалар туралы сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде "Каспий су тұщыту" зауыты тәулігіне 20 мың текше метр ауыз су тұщытады. Облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұловтың мәліметінше, биыл зауыттың қуатын 40 мың текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Оның 5 мың текше метріне алдағы маусым айында қол жеткізілмек. Қазір су тұщыту қондырғысы салынуда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. су тапшылығын болдырмау үшін жобаны уақытында жүзеге асыруды қатаң тапсырды.

Айта кетерлік мәселе, Мұнайлы ауданы мен Қарақия ауданы "Каспий су тұщыту" ЖШС-ға 400 млн теңгедей қарыз. Қос ауданның берешегі мерзімінде өтелмейтін болса, зауыттың ары қарай жұмыс жасауына кедергі келтіруі мүмкін. Зауыт басшысы тұрғындардың уақытылы қарызын бермей жатқанын айтып, аудан әкімдерінен мәселені тезірек шешіп беруді сұрады.

Облыста халықты тіршілік нәрімен қамту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы С.Трұмов ауыз су өңір халқы үшін аса өзекті мәселе болғандықтан осы салаға жауапты азаматтарға аталған жобаларды дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы 2030 жылы жылына 100 мың тонна балық өсіріп шығаруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданған. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д. Құсбеков айтып берді. Қазіргі таңда өңірде бекіре тұқымдас балық шаруашылығымен айналысатын "Казақ Осетр" ғылыми өндірістік кәсіпорны" және жылына 50 тонна тауарлы бекіре балықтарын өсіріп, 100 кг көлемде уылдырық өндіретін "Каспиан Ривьера" ЖШС-і қызмет етеді. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында тауарлы күмжі (лосось) және тұқы (карп) балық түрлерін өсірумен айналысқысы келетін бірқатар инвесторлар бар. Бүгінгі таңда жер телімін алу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өткізілді. Өзге де құзырлы органдардан рұқсат алу жұмыстары жүргізіліп, осы жылы мамыр айында құрылысы басталады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу