Өскеменде Виноградов көшесіндегі 9-қабаттағы пәтердің балконында өрт шықты. Жақын жерде полиция қызметкері Жандос Рахметұлы мен көрші тұратын ер адам Думан Рахымбаев көмекке жүгірді. Олар пәтерге кірген кезде есікті үйде жалғыз отырған 8 жасар бала ашқан. Думан мен Жандос өртті сөндіре бастап, өрт сөндірушілерді шақырды. Шақыру орнына келген ШҚО ТЖД құтқарушылары 4 шаршы метр алаңда орын алған өртті сөндірді.
ШҚО ТЖД мамандарының алдын ала нұсқасы бойынша өрттің себебі электр жабдығы - кондиционерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау болды.
Өртті сөндіруге ШҚО ТЖД жеке құрамынан 22 адам мен 7 бірлік техника мен жұмылдырылды.
ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады:
- үйден шыққан кезде электр құрылғыларын қосулы қалдырмаңыздар;
- желіні шамадан тыс жүктемеңіздер, бір розеткаға бірден бірнеше электр құрылғыларын қоспаңыздар;
- пәтерлердің балкондарында жанғыш материалдарды сақтауға жол бермеңіздер.
Өрт болған кезде дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыздар.