Қостанай қаласының тәртіп сақшылары жедел-із кесу шарасы арқылы аса көлемді есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Қостанай облысы ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері "Көкнәр-2018" іс-шарасы барысында қаладағы техникалық қарау стансаларының бірінен 2 келіге жуық есірткі тапты.
"Есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандары қызметтік иттің көмегімен 28 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Күдікті 1 келі 816 грамм марихуана түйіншегін техникалық қарау орталығында бұзылып тұрған "ВАЗ-21013" көлігіне жасырған. Оның аталған стансада монтаждаушы болып жұмыс істейтіні анықталды. Ол өз кінәсін мойындап, есірткіні сату үшін сақтағанын айтты", - деді баспасөз қызметінің мамандары.