Жастар арасында пайдакүнемдік пиғылмен ғана емес, сонымен қатар ерекше дөрекілікпен, менмендікпен жасалатын, кейде қоғамдық резонанс тудыратын бопсалау фактілері полицияның ерекше бақылауында, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
— Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-20 жас аралығындағы жастар тобын ұстады. Олар жергілікті колледждің кәмелетке толмаған студенттерін қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер өзгелерді қорқыту және өздерінің күштілігін көрсету үшін зорлық-зомбылық әрекетін бейнежазбаға түсірген. Бопсалау және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды, — деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Павлодар облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен мамыр айында жастарды бопсалаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды.
Топ мүшелеріне осындай 10 фактіге қатысы бар деген айып тағылып отыр. Олар жәбірленушілерді қорқытып, 2 млн теңгеге дейін алған.