Алматы облысында менингитке шалдыққан екі оқушы Қарасай ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, 7 және 10 жастағы науқастар екі түрлі ауданның тұрғындары.
"Оқушының біреуі Іле ауданынан, екіншісі Қарасай ауданындағы Абай мектебінде білім алады. Екеуіне менингит диагнозы қойылды. Балалардың жағдайы жақсы", - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова.
Сондай-ақ аталған ведомство өкілі толықтырғандай, балаларға қойылған диагноз менингококктық инфекция емес - менингит. Яғни менингококктық инфекция ауа арқылы тараса, менингит дерті суық тигеннен, иммунитеттің төмендеуінен болады.