Екі партия Олжас Бектеновтің кандидатурасын тағайындауға келісуден неге қалыс қалды?

645

Фракция мүшелері бұл шешімдерінің себебін түсіндірді. 

Екі партия Олжас Бектеновтің кандидатурасын тағайындауға  келісуден неге қалыс қалды? Фото: Ulysmedia.kz

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан Халық партиясы фракциясы Олжас Бектеновтің кандидатурасын Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісуден қалыс қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өкінішке қарай, алдымыздағы Үкімет батыл экономикалық реформаларды жүзеге асыра алмады. Біз бұл туралы осыған дейін де айтып, бүгін де бұрынғы атқарушы биліктің іс-әрекеттері бойынша ескертпелерді айттық. Сондай-ақ жаңа премьер-министрге олардың жолымен жүрмеуге кеңес бердік. Сол себептен біз жаңа премьер-министрдің батыл қадамдарын көрмейінше, ұстанымымыз – біз бас тартамыз", - деді Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов Мәжіліс кулуарында.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі, депутат Асхат Рақымжановтың сөзінше, отставкаға кеткен министрлер кабинеті алдына қойылған міндеттерге жете алмады.

"Экономиканы жіті түсінетін, осы бағытта өзін көрсете білген адамды көргім келді. Біздің фракция ешқашан да Смайыловтың қолынан бұл жұмыс келеді деп айтқан емес. Қазір көріп отырған мәселелер, оның ішінде жылу және электр энергетикасы болсын, бірыңғай сатып алушы бойынша жаңашылдықтар болсын, өзін ақтаған жоқ. Алдымыздағы министрлер кабинеті тиімсіз болғанын көріп отырмыз", - деді Асхат Рақымжанов.

Еске салайық, осыған дейін Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалғанын жазған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу