Көптеген танымал әндердің авторы, әрі әнші Құрмаш Махан алғаш рет жеке өмірі туралы жан сырын ақтарды. Бұл туралы әншінің өзі "Алғашқы" бағдарламасына берген сұхбатында жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соңғы кезде саханадан көрінбей кеткен Құрмаш Махан екінші рет үйленгенін растады.
“Алдыңнан шыққан сынақтан құтылу үшін түрлі амал-әрекет жасаймыз. Мекен өзгерті, құндылықтар алмасу секілді өзгеріс болады. Мысырға кетуім де сондай қадамның бірі. Сапарға жалғыз өзім бардым. Өмірімдегі қиын-қыстау кезең деп айтсам болады. Мысырға астымдағы көлікті сатып кеттім. Сол жақта оқып, тіл үйреніп оралдым. Шаңырағымның шайқалуына Мысырға кетуім әсер еткен жоқ. Керісінше отбасылық өмірімді біржақты етуге, оңаша ойлануға мүмкіндік берді”, – деп айтып өтті әнші.
Құрмаш Маханның айтуы бойынша, ол Египеттен келгеннен соң алғашқы жұбайымен ажырасқан. Араға 2,5 жыл салып, әнші екінші рет отбасын құрған. Өнер иесінің сөзіне құлақ түрсек, ол бірінші некедегі балаларымен жақсы қарым-қатынасты сақтап отыр.
“2010 жылы Мысырдан оралғаннан кейін ажырастық. Ешқандай айқай-шусыз екіге кеттік. Ортада балалар бар. Оларға да оңай тиген жоқ. Ол кісі тыныштықты қалады. Күн сайын ұрысып, ренжісіп шаңырақтың берекесін кетірмеуді мақсат еттік. Солай екіге кеттік. Алғашқы жарыма "бөлек тұрып көрейік" деп өзім айттым. Бүгінде балалармен де анасымен де байланысым үзілген жоқ. Екіге кеткен күннен бастап, күні бүгінге дейін қарайласып келе жатырмын. Екі жарым жылдан кейін екінші рет шаңырақ көтердім. Қазіргі жұбайым да балаларыммен жақсы араласады. Бойдақ бауырларыма айтарым, жақсы жар таңдау – мың бақыт”, – деп түсіндірді өнер иесі.