Екі жылда АӘК алған 99 мыңнан астам отбасы кедейліктен құтылған

701

2020 және 2021 жылдары атаулы әлеуметтік көмек алған 99 220 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шықты. 

Екі жылда АӘК алған 99 мыңнан астам отбасы кедейліктен құтылған

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның сөзінше, 2020 жылдан бастап халықты еңбек етуге ынталандыру мақсатында Қазақстанда АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілген. Атап айтқанда:
– табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау (отбасының әрбір мүшесіне айына орта есеппен 10 270 теңге);
– тұрмысы төмен отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсыну (бір балаға айына орта есеппен 8 мың теңгеге дейін).

Бұл ретте АӘК алатын отбасыларға өмірлік қиын жағдайдан шығу бойынша жәрдем шаралары көрсетіледі.

"Атаулы әлеуметтік көмек – бұл мемлекеттен уақытша қолдау. Оның бастапқы мақсаты – жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру, кәсіпкерлік бастаманы қолдау, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы табысы аз отбасыларды кедейлік жағдайынан шығаруға қол жеткізу", – деді Асқар Ниязов.

Оның айтуынша, өткен жылы АӘК-ті жалпы сомасы 65,6 млрд теңгеге 198,4 мың отбасы (990,5 мың адам), биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 18,8 млрд теңгеге 111,4 мың отбасы (571,1 мың адам) алды.

Өңірлер бойынша 2021 жылдың соңында АӘК алушылардың ең көп саны Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) байқалады.

АӘК алушылар саны ең аз өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы – 2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%) бар.

"2020 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алған 184,7 мың отбасының ішінен өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті табысты пайдаланған 47,4 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты. 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51,4 мыңы кедейлік жағдайынан шықты", – деп атап өтті Асқар Ниязов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу