Екібастұз әкімдігі электр станциясын салуға қажет жерді 7 есе қымбатқа алмақ болған

Іске прокурорлар араласқан соң келісімнің күші жойылды.  

Екібастұз әкімдігі электр станциясын салуға қажет жерді 7 есе қымбатқа алмақ болған Фото: salem.su

Екібастұз қаласында №3 МАЭС салу мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Соңғы жоспар бойынша, жаңа станция 2028-2029 жылдары іске қосылуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Еліміздің жартысына жуығын электр энергиясымен қамтып отырған Екібастұз қаласында әзірше екі үлкен МАЭС бар. Олардағы қуаттылықты арттыру үшін жаңа энергоблоктар құрылысы қолға алды.

Айталық, №2 МАЭС жанынан тағы бір энергоблок салу ойластырылған-ды. Алайда бұл жоба сиырқұйымшақтанып кетті. Ол жоспар бойынша 2026 жылы пайдалануға берілуі керек. Бірақ бұл уақытта оның қатарға қосылуы екіталай. Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына күмән келтірген болатын. Сонымен қатар, Екібастұздағы №1 МАЭС энергоблогын 10 жылдан астам уақыт бойы қалпына келтіре алмай жатқанын сынға алды. 

Одан бөлек, билік Екібастұзда тағы бір МАЭС салуды ойластырып отыр. Жоспарға сәйкес, төрт-бес жылдан кейін салынатын станция қоршаған ортаға зиян келтірмейтін заманауи құралдармен жабдықталып, 1200 МВт электр энергиясын өндіреді. Бүгінде жергілікті билік аталмыш энергетикалық кәсіпорынды салуға арналған жерді дайындап жатыр. 

Бірақ бірінші қадамнан-ақ сүрінді. Белгілі болғандай, Екібастұз қаласының әкімдігі №3 МАЭС-ке керек жер телімдерін нарықтағы бағадан 7 есе қымбат бағаға сатып алмақ болған. Мұны Павлодар облысының прокуратурасы анықтады. 

"Екібастұз қаласының әкімдігі ауылдық аймақтағы ауданы 25 және бес гектар екі учаскеге бағалау жүргізген. Алайда ұқсас жер үшін құны едәуір жоғары әрі қалалық жерлердің бағалары пайдаланылған", - делінген хабарламада. 

Сөйтіп, прокурорлар қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуының жолын кесті. Атап айтқанда, екі жер телімі жалпы алғанда 1 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған. Ал шын мәнінде олардың бағасы 126 млн теңгеден ары аспайды. 

Нәтижесінде құзырлы органның араласуымен бюджеттік өтінім кері қайтарылып, учаскелердің меншік иелерімен оларды сатып алу туралы келісімдер жойылды. Мұндайға жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар жазаланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу