Екібастұз әкімі монополисттен 22 млн теңгені қайтарып алатын болды

Бұл – төтенше жағдай кезінде жұмсалған шығын көлемі. 

Екібастұз әкімі монополисттен 22 млн теңгені қайтарып алатын болды Фото: pixabay.com

Былтыр қарашада ел назарын аудартқан Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде болған апаттың салдары мемлекеттік қазынаның қалтасына салмақ салды. Сол тұста апатты мүмкіндігінше аз уақыт аралығында жйыоп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қайта жылу беру үшін қаланың төтенше жағдайлар қорынан қаржы алынған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Қомақты сома екібастұздықтарға қол ұшын созуға басқа өңірлерден келген жұмысшылардың жатын орнын, тамағын төлеуге, жанар-жағармай сатып алуға жұмсалды. Жағдай реттелген соң Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин монополист компания – "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бюджеттен шыққан шығынның орнын толтыруды сұрады. Бірақ кәсіпорын бұған үзілді-кесілді қарсылық танытты. Сондықтан тараптар сотта жолықты. 

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қала басшылығының шағымын негізді деп танып, "Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорнын мемлекетке 22 млн теңге қайтаруды міндетті. Сондай-ақ, 600 мың теңгеден астам мемлекеттік төлем жасауы тиіс. 

Айта кетсек, бұған дейін қаланың қарапайым тұрғындары да сотта кәсіпорынды жеңіп, шығындарының орнын толтырған-ды. Мәселен, осыдан бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын сот тағы бір азаматтық істі қарады. Соған сәйкес, Жігер көшелерінің бірінде тұратын азамат жылудың ажыратылуы салдарынан пәтеріндегі батареялар жарылып, зақым келгенін көрсеткен. Амалы қалмаған тұрғын құрылыс материалдарын өз қаржысына сатып алған. Кейін шағымданушы "Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорнына шығынды қайтаруға қатысты хат жазғанымен, ол жауапсыз қалыпты. Сондықтан сотқа жүгінуге тура келді. 

"Екібастұз қаласының тұрғыны құрылыс материалдарын сатып алғанын айғақтайтын түбіртектердің түпнұсқасын ұсынды. Сонымен қатар, отбасы суықтан қиналып, балалары ауруханаға түскенін көрсетті", - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі. 

Өз кезегінде істі қараған сот тұрғынның өтінішін ішінара қанағаттандырып, кәсіпорынды 365 740 теңге көлемінде материалдық шығынды және 100 мың теңге моральдық шығынды өтеуге міндеттеді. 

Сол сияқты осыдан бірнеше күн бұрын Екібастұз қаласындағы жеке сектор тұрғындарының бірі кәсіпорынды сотқа берген арызы қаралды. Ол жылудың болмауы салдарынан электр энергиясы үшін бірнеше есе көп төлегенін, қосымша жылытқыш құралдар мен көрпелер сатып алуға тура келгенін көрсеткен. Сот оның да өтінішін қанағаттандырды. Сөйтіп, монополист бұл тұрғынға барлығы 623 502 теңге қайтаруы қажет деген шешім шығарды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу